«АТАМАНДАРДЫ» АУЫЗДЫҚТАҒАН АЙГҮЛ

Алғаш кездескенде көзге талдырмаш, нәзіктеу болып көрінгенімен, күреспен айналысқан Айгүлдің осал емес екенін аңғаруға болады. Оған жас спортшының жетістіктері айқын дәлел. 7 жасында өзге құрбы-құрдастары қуыршақтарымен қоштаса алмай жүргенде, Айгүлдің спортқа деген қызығушылығы оянып, ата-анасына жекпе-жекке жақын екендігін білдіргені бар. Сол үшін «қыз балаға спорттың керегі жоқ» деген сөз де естіген-ді. Мектеп қабырғасын енді аттаған Айгүл үлкендердің шешіміне келіскендей болды.

Дегенмен, ол сабақпен қатар спортты да жанына серік етті. Бастауыш сыныпта-ақ оқудан соң, өзінің туып-өскен жері – Ақтөбе облысы Құрашасай ауылының жас спортшыларымен белдесіп жүрді. Күн сайын қашықтыққа жүгіру, ауылдағы «атамандарды» тәртіпке салу, дос-жарандарын «қауіп-қатерден» қорғау да басты «жұмыстарының» бірі. Бұны естіген ауыл тұрғындары таңданыстарын Байқұловтар шаңырағының иесіне жеткізіп, қыздарын мақтап та қоятын. Алайда, Айгүл аталған «міндеттерін» аз көріп, мектеп жанынан ашылған спорт үйірмесіне баруды көздеді. Ата-анасы әуелдегідей үзілді-кесілді қарсы болған жоқ. Себебі, олар да құрашасайлықтар секілді Айгүлдің қарапайым «жаңғақ» емес екендігін түсінген еді.
– 2004 жылы, 11 жасымда білім ордасының жанынан құрылған үйірмеге жазылып, спортқа ден қоя бастадым. Үлкенді-кішілі 50 бала болып қатысып, спорттың бірнеше түрінен тәлім алдық. Аз-аздап бокс, самбо, дзюдодан хабардар бола бастадық. Әу бастан жекпе-жекке жақын болғаннан кейін мен дзюдоны таңдағанды дұрыс деп шештім. Спортқа келгеннен бері бапкерім – Сәтжан Тоғайбайұлы. Жаттықтырушыммен бірігіп жұмыс істегенімнің арқасында біршама жетістіктерге қол жеткіздім, – дейді Айгүл.
16 жастағы кейіпкеріміздің спорттық өмірінде қуантарлық жайттар аз емес. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын алғаш рет Ресейдің Соль-Илецк қаласында өткізілген жарыста самбо күресі бойынша 1-орынға ие болып, мәз болғанын әлі күнге дейін ұмытпайды. Араға бір жыл салып, Түркияда өткен Халықаралық турнирде дзюдодан бас жүлдені еншілеп, ауылға алтын медальмен оралғаны бар. Одан бөлек 38 келі салмақ аясында 2007 жылы Қазақстанның чемпионатында, бірнеше айдан соң Беларусь еліндегі ауқымды «Еуразиялық ойындар» атты жарыста қарсыластарынан оқ бойы оза шығып, алтыннан алқа тақты. Көп уақыт өтпей Сауд Арабиясында ұйымдастырылған Азия чемпионатына аттанып, дзюдо күресі бойынша күміс жүлдеге ие болды. Олжалы оралғаннан соң, Айгүлге «Ташкент қаласында самбодан Әлем чемпионаты өткізіледі» деген тағы да бір хабар жетті. Араб елінен келгеніне көп бола қойған жоқ, дайындық бар, бірақ әлі де жаттығу керек. «Не де болса – тәуекел!».
Қайта жолға шыққан жас спортшы жаһандық жарыста бапкерін жерге қаратпайтынына бек сенімді еді. Сенімі алдамапты. Өзбекстаннан да бас жүлдені қанжығасына байлап, елге ерекше сезіммен қайтты. Сондай-ақ республикамызда жастар арасында дзюдо күресінен өткізілген чемпионаттарда Айгүл бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Айталық, 2008 жылы Өскеменде, бір жылдан кейін Шымкентте ұйымдастырылған жарыс-тарда ешкімге есе жібермей, екеуінде де жеңімпаз атанған-ды. Десек те, бәрінен бұрын, өткен жылы Ливандағы Азия чемпионатында күміс медалі жас дзюдошыға айтарлықтай ыстық. Содан да болар, аталмыш медаль үйінің ең төрінде ілініп тұр. «Қараңызшы, күміс болса да, жалт-жұлт етіп ерекше жарқырайды ғой», дейді ол күлімсіреп. Жалпы, аталған жүлделердің қай-қайсысы болсын, ол үшін маңдай термен келгені сөзсіз. Сондықтан бәріне де асқан ілтипатпен қарап, көзінің қарашығындай сақтайтынын айтқан абзал. Өйткені, аталған жеңістер оған самбодан спорт шебері, Әлем чемпионы, ал дзюдо күресінен де спорт шебері, Азия чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері деген дәреже-даңқ әкелді.
Айгүл қазір 48 келі бойынша бозкілемде өнер көрсетіп жүрсе де, бұл салмақта қарсыластардың қарқыны жоғары екенін айтады. Ол, әсіресе, ресейлік пен жапондық дзюдошылардың белдесу кезіндегі айла-тәсілінің әбден «пісіп-жетілгенін» тілге тиек етті. Кейіпкеріміздің айтуынша, оларды да жеңуге мүмкіндік бар. Ол үшін үздіксіз жаттығу керек. Мәселен, бүгінде ол күн сайын кемінде 3-4 сағатын дайындыққа арнайды. Ал таңертең аз дегенде 3-4 шақырымға жүгіруді дағдыға айналдырған.
Бір қызығы, Айгүл кәсіби спортпен айналысқан 6 жыл ішінде түрлі оқиғаларды басынан кешіргенін айтады. Алғаш-қы кезде кілемге жүрексініп шыққанын да жасырмайды. Әйтсе де, бұған балалықтың да, баптың да қатысы бар көрінеді. «Себебі, менің салмағымда өнер көрсететін дзюдошылардың көбісі – ересектер. Ал мен болсам, кішкентаймын ғой… Өзіңіз ойлап қараңызшы, бозкілемге маған қарсылас болып 25-30 жастағы апаларым шығады… Олар көпті көрген әрі спорттағы тәжірибесі де басым. Шыны керек, басында олармен күресуге қиналатынмын. Қазір үйрендік қой. Көп болса бір рет соққы берер, артынан мен де жауабымды қайтарамын!..» – деп күліп еске алады ол.
«Спортта бәрі болады» демекші, Айгүл басынан өзінің тілімен айтсақ «қиын күндерді», яғни, жеңіліс сәттерін де өткерген. Былтыр қазанда өткен Әлем чемпионатында корей қызымен белдесіп, соңғы минуттарда ғана қарсыласына жол бергенін айтады. Үстіміздегі жылдың наурызында Германияда өткізілген турнирде де, өкінішке қарай, Айгүлдің жолы болмады. Бұған жас спортшы аса көп қайғырмайды. «Бұл жеңілістер қайта алдағы жеңістеріме себепші болады деп сенемін. Сол себепті жағымсыз жайттар қайталанбас үшін, дайындықты да, ерік-жігерімді де екі есеге арттыруым керек», – дейді ол.
Қазіргі таңда Айгүл Байқұлова – Ақтөбе облыстық ауылшаруашылық колледжінің спорт факультетінің 1-курс студенті. Жарыстарға жиі қатысып жүрсе де, сабақты да назардан тыс қалдырмайтынын айтады. Қай турнирде болсын, кимонодан бөлек, оқуға қажетті кітаптарды да қоса алып жүреді.
Ақтөбелік дзюдошы қыз облыстық «Олимпиада резервтерін даярлау орталығы» және жаттықтырушысы Сәтжан Тойлыбаевпен бірлесе отырып, бүгінде қазан айында Мароккода өтетін Әлем чемпионатына қызу дайындалып жатқанын жеткізді. Сөз соңында: «Қандай медальдан үміттісің?..» деп сұрағанымызда, бірден: «Әрине, алтын!..» деген жауап алдық.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
«Нұр Астана».

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: