«Каспий» тобы: Енді біз «Жүрегіммен сені…», «Бағала» деп шырқаймыз

Құрамында Ұлықпан Жолдасов, Мұрат Қожа, Ерсұлтан Қалдәулетов пен Дидар Оңалбаев және Айбар Серкебаев өнер көрсететін «Каспий» тобының құрылғанына 3 жыл толды. Аспаптары мен әнді қатар алып, сүйемелдеу өнерімен де көзге түсіп жүрген талантты жігіттер «Күйтабақта» қонақта болған еді.

 

– Топтарыңыздың «туылған күні» құтты болсын! Әңгімемізді алдымен шығармашылықтағы жаңалықтардан бастасақ…
Мұрат: – Рахмет! үш жыл деген әжептәуір болып естілгенімен, тарих үшін қас-қағым ғана сәт қой. Әлі қол жеткізуге тиіс мақсаттарымыз көп. Таяуда ақын Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған сазгер Қалдыбек Құрманәлиевтің «Жаз не деп еді?..» деген философиялық ойға толы әнімен репертуарымызды толықтырдық. Шыны керек, туындының бұрынғы әндерден табиғаты бөлек, өзіндік өрнегі бар. Тыңдармандарымыздың талғамынан шығады деген ойдамыз. Бұдан бөлек Жарылқасын Дәулеттің «Жүрегіммен сені…», Ұлықпанның «Бағала» әндерін репертуарымызға қосқанымызды айта кеткім келеді.
– Осы әндердің біреуіне бейнебаян түсіретін шығарсыздар?
Ұлықпан: – Әзірге қаражат жағы қолбайлау болып тұр. Реті келіп, демеушілер табылып қалса, үш әннің біреуіне бейнебаян түсіру ойымызда бар. Құдай қаласа, алдағы уақытта бұл жоспарымыз жүзеге асатынына үміттенеміз.
– Топ құрамында өнер көрсетіп жүрген үш жылдың ішінде қазақ эстрадасына қандай үлес қостыңыздар?
Айбар: – Мынадай үлесімізді қостық деп айтудан аулақпыз. Мұны көзі қырағы көрерменнің айтқаны дұрыс шығар. «Өзін-өзі мақтаған – өлімнің қара басы» демей ме?! Бір анығы, халыққа ұсынатын әндеріміз таусылмақ емес, барлығы да алда демекпін.
Мұрат: – Мақтанғанымыз емес, әйтеуір, қай жерге барсақ та жұртшылықтың ықыласы жақсы, қошеметтеп қарсы алып, шығарып салады. Көрермендеріміздің көңілінің өзі неге тұрады?!
– Осыдан үш жыл бұрынғы мен бүгінгі «Каспийдің» арасында қандай айырмашылық бар?
Дидар: – Айырмашылық жер мен көктей. Мәселен, бұрынғымен салыстырғанда, қазір әжептәуір ысылдық, төселіп қалдық. Алғашқыдағыдай қобалжымай, сахнаға емін-еркін шығамыз. Мұны, әрине, өзімізге қатысты (көзімен Айбар мен Ерсұлтанды нұсқады – А.Т.) айтып отырмын. Бәрінен бұрын, шығармашылық тұрғыда өсіп, тәжірибе жинағанымызды айта кеткім келеді. Сондықтан, қай жағынан болсын, оңды өзгерістер жетерлік.
– Топтың өзіне тән қызығы мен қиыншылығының болатыны аян…
Ерсұлтан: – Рас, екеуі де әрдайым қатар жүреді. Тобымызда бес адам болғаннан кейін шығыны да біршама. Мәселен, бір облысқа баратын болсақ, жол қаражатының өзі 2-2,5 мың АҚШ долларын құрауы мүмкін. Оған қоса ән салғанымыз үшін төлеуі керек. Қонақ үйдің ақысы және бар. Азын-аулақ жүрек жалғау да қажет (күліп). Осыны естіген кейбір шақырушылар ойларынан айнып, қалтасының көтермейтінін айтып жатады. Яғни, топ болғаннан кейін көп қаражат қажет. Қиындығы – осы. Ал қызығына тоқталсам, бұл – ұжымдық жұмыс. Бір-бірімізге көмектесіп, әрқашан қолдап жүруге тырысамыз. Әңгімесі жарасқан, ортамыздың өте көңілді жандардан құралғанын айта кеткенім ләзім.
– Осы ретте, квинтеттің дені жастардан құралған. Жастықпен еркелік жасап, көпке дейін ұмытылмаған оқиғалар болды ма?
Ұлықпан: – Қайсыбірін айтайын, бұлардың реті келгенде еркелейтінін жасырмаймын (күліп). Тіпті, ондай жайттар көп қой… Ұмытпасам, осыдан екі жыл бұрын болған оқиға. Гастрольдік сапармен еліміздің бір өңіріне ат басын бұрдық. Әдеттегідей қарбалас, дайындық жасап жүргенбіз. Грим жасайтын бөлмеден ең соңғы болып Айбар шығып, есікті сол жауып келді. Концертке дайындық ойдағыдай өтіп, әндерімізді қайталап болғаннан кейін әлгі бөлмеге барсақ, есігі тарс жабық тұр. Ішінде барлық сахналық киімдеріміз, өзге де заттарымыз ілінулі. Ал концерттің басталуына санаулы минуттар қалды. Сөйтсек, арамыздағы еркеміз (Айбарды айтады – А.Т.) асығып жүріп, бет әрлейтін бөлме есігінің кілтін ішінде қалдырып кетіпті. Жастық не істетпейді десеңізші (күліп)?! Амал жоқ, сасқанымыздан өрт сөндірушілерді шақыртып, есікті әрең дегенде сындырып ашқыздық. Есікпен алысамыз деп, арада 15-20 минуттың қалай өткенін де байқамаппыз. Айтып-айтпай не керек, көрермендерден кешіккеніміз үшін кешірім сұрап, концертімізді өзіміз жоспарлағандай бастап кеттік. Осы оқиға көпке дейін есімізден кетпей, біраз күлгеніміз бар. Алайда, бұл жайттан соң, кілтті жастарға сеніп тапсырмайтын болдым (рахаттана күлді).
– Қателеспесем, араларыңызда екі бірдей бойдақ бар. Отау құрып, отағасы болуды олар жоспарлап жүрген жоқ па?
Дидар: – Алла бұйыртса, үй-ленеміз ғой. Ол күн де алыс емес.
Мұрат: – Жалпы, жігіттердің бойдақ жүргені өздеріне жақсы. Ештеңені ойламайды, уайым жоқ. Шығармашылық адамына бұл да қажет. Әйткенмен, бәрі де уақытша ғой, алдағы уақытта үйлендірерміз. Ерсұлтанымыздың отау құрғанына бір жылдан асты. Ал Дидар мен Айбарға әзірге «тұсау» салынған жоқ. Сондықтан бауырларымызға ақылына көркі сай қыздарды іздеп жүрген жайымыз бар (жылы жымиып қойды).
– Жалпы, «каспийліктердің» әлеуметтік жағдайы қандай?
Айбар: – Құдай көпсінбесін, жаман емес. Біреуден кейін, екіншісінен ілгері өмір сүріп жатырмыз. Жалпы алғанда, бәрі де ойдағыдай.
– Құпия болмаса, бесеуіңіздің де қалада үйлеріңіз бар ма?
Мұрат: – (ойланып…). Бүгінде осыны реттеуге тырысып-ақ жатырмыз. Ұлықпан екеуміздің Алматыда өз үйіміз, көлігіміз бар. Ендігі қалған үш жігітке пәтер алып бермек жос-парымыз бар. Реті келіп, сәті түссе пәтер де, көлік те болып қалар.
Тобымыздың жеке өз автокөлігі бар. «Каспийдің» барлық мүшелері қалаған уақытында соны жүргізе алады. Яғни, жаяу жүрген ешкім жоқ.
– Бір байқағаным, сұрақтардың көбіне Мұрат жауап береді екен. Қалғандарыңыз содан кейін ғана әңгімеге араласасыздар…
Ерсұлтан: –Шынымызды айтсақ, сұраққа жауап беріп, журналистердің көпшілігімен байланыс орнататын – Мұрат. Бұл жағынан ол қашан да оқ бойы озық (күліп).
Ұлықпан: – Иә, сіздердің (журналистерді айтады – А.Т.) тілдеріңізбен айтатын болсақ, арамыздағы баспасөз хатшымыз – осы кісі. Ән де айтады, сазгерлікпен де айналысады, арасында осылай журналистермен де жүздеседі. Қысқасы, «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт қой…
– Әңгімелеріңізге рахмет! Өнерлеріңіз өрлей берсін!
Мұрат: – «Каспий» тобының атынан «Нұр Астана» газетіне мол таралым, тілшілеріне шығармашылық табыс, оқырмандарына амандық тілейміз!

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИ

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: