Жуырда Алматыда өткен «Қазақстан ханымы-2010» байқауында тәж иесі атанған Гүлназ Әлімгерей – «Қазақстан» ұлттық арнасы жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі. Ол биылғы жылы өтетін «Әлем ханымы» сайысына еліміздің атынан қатысады.
– «Астана ханымы – 2010» байқауында жеңіске жетіп, кейіннен «Қазақстан ханымына» жолдама алғаныңыз белгілі. Сіздіңше, аймақ пен республикалық сайыстың айырмашылығы неде болды?
– Мұны «Сұлулық сайысы» деп ойлайтындар қателеседі. Сайыста «мисстегідей» тек сыртқы сұлулыққа ғана мән берілмейді, қатысушының ой-өрісі, өнері, көпшілік алдында өзін қалай ұстайтыны да басты назарға алынады. Ал ерекшелігіне келер болсақ, екі байқаудың айырмашылығы көп. Мәселен, «Астана ханымында» әр қатысушы жеңістен үмітті екенін білдіріп, бар ынта-ықыласымен бақ сынады. 15 қатысушы аспаздық шеберліктерін көрсетті. Білімдері мен біліктерін ортаға салды. Бір айта кетерлігі, Астанадағы байқауда балаларымызбен бірге өнер көрсетуге мүмкіндік алдық.
«Қазақстан ханымы» сайысында «сен тұр, мен атайын!» деген еліміздің 7 аймағынан суырылып шыққан 15 қатысушы өз өнерлерін паш етті. Әр кезеңнің талаптарын барынша жан-жақты орындауға тырысып, жеңістен басында-ақ дәмелі екенімді жасырғаным жоқ. Сөйтіп, қарсыластарымнан оқ бойы озып шығып, «Қазақстан ханымы» атандым.
– Сіз үшін аталған сайыстың да өзіне тән қызығы мен қиындығы болған шығар?
– Тек маған емес, қатысушылардың барлығына да «Интеллектуалдық турдың» сұрақтарына жауап беру қиынға соқты. Себебі, сауалдар Қазақстан тарихы мен ұлттық дәстүрлеріміз негізінде дайындалған. Мақтанғаным емес, сауалдарға толымды етіп жауап қайтардым деп айта аламын. Дегенмен, осы кезеңде аздап қобалжу болды. Мамандығым журналист болған соң, «жауап бере алмасам, бұл маған сын болады ғой» деп іштей уайымдағаным да рас.
– Байқау барысында жолдасыңызды да көзіміз шалып қалды…
– Иә, өмірлік серігім – Нұрділдә ойымды құптап, байқауға қатысу керектігімді айтты. Астана мен Алматыдағы байқау үшін барлық жұмысын ысырып қойып, барынша қолдау көрсетті. Жарыма деген алғысым шексіз. Онымен қоса барлық туған-туыс, дос-жаран мен әріптестер де шын тілектестіктерін білдіріп, маған жанкүйер болды.
– 15 қатысушының арасында өзіңіз топ жарып, тәж иесі атандыңыз. Гүлназ Әлімгерейдің жеңіске жетудегі «фишкасы» қандай?
– «Астана ханымында» байқағанымдай, көпшілігі ән айтып немесе би билеп, өнерлерін ортаға салады екен. Бұл қабілетіммен алысқа бармайтынымды түсіндім. Өйткені, онымен қазылар мүшелерін таңғалдыру мүмкін емес. «Даңқ минуты» кезеңінде театрландырылған қойылым көрсетемін деп шештім. «Махаббат монологын» режиссерлердің көмегімен 1 минуттың ішіне сыйғызып, ұлттық киіммен сахнада орындап шықтым. 60 секундтың ішінде қыз бен жігіттің сырлы сезімін барынша жеткізуге тырыстым. Осы көрініс залдағы көрерменге ой салып, әдемі әсерге бөлеген секілді. Басқалармен салыстырғанда, қазіргі тілмен айтқанда, «шоу» жасай алдым деп ойлаймын.
– Жеңімпаз болғаныңызды естігенде қандай сезімде болдыңыз?
– Жасырмаймын, кем дегенде жүлделі орындардың бірін иеленетінімді іштей сездім. Әйткенмен, жеңіске жеткендегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Қатысушыларды марапаттап жатқан сәтте қасымдағы қостанайлық келіншек: «Гүлназ, бас жүлде – сенікі!» – деп айтқан-ды. Көп ұзамай менің есімімді атап, ортаға шақырды. Одан кейін не болғаны есімде жоқ. Гүлдер, жылы лебіздер, қошемет… Әйтеуір, сол бірер сәтте бақыттан басымның айналғаны анық.
– Сайысқа тігілген «темір тұлпардың» тізгініндесіз бе, әлде?..
– (Күліп). Жалпы, мәшине айдағаныма 4-5 жылдың жүзі болды. Ал бұл көліктің руліне отырғаныма бір айдай уақыт болды. Шыны керек, алғашында көліктің механикалық қозғалтқышын игеру қиынға соқты, бірақ қазір толықтай меңгердім десем болады. Еліміздегі жол талғамайтын «Ssang Yong Kyron»-ды (көліктің маркасын айтады – А.Т.) Астананың жолымен емін-еркін жүргіземін.
– Өткен жылғы байқауда «Хабар» телеарнасының тележүргізушісі Динара Сәтжан озып шықса, бұл жолы ұлттық арнаның өкілі, яғни сіз жеңіске жеттіңіз. Соған қарағанда, екінші жыл қатарынан өткізілген дүбірлі додада тәждің иесі атану бақыты тек тележүргізушілерге ғана бұйырған ба деп қалдық…
– «Өнері мен өресі сай келсе, бас жүлдені неге алмасқа?!». Шынымен, журналист – сан қырлы жан. Ол әр саладан хабары бар, өнерді түсінетін, бәсекеге төтеп бере алатын маман емес пе?! Егер барлық талаптарға сай жауап берсе, тәждің иесі атану бақыты журналист келіншектер үшін екі рет емес, тіпті он қайтара бұйырса да таңғалуға болмайды. Бұл – өмірде кездесуі әбден мүмкін жайт.
– Биылғы жылы Сеулде өтетін «Әлем ханымы» байқауына жолдама алдыңыз. Дайындығыңыз жөнінде бір ауыз сөз…
– Байқау осы жылдың мамыр айында Сеулде өтеді деп жоспарланып еді. Алайда, Оңтүстік пен Солтүстік Корея арасындағы қақтығыстарға байланысты сайыс өтетін жер ауысуы мүмкін. Ұйымдастырушылар қайда болатынын айтпады, әзір белгісіз.
Расын айтсам, әлі дайындыққа кірісе қойғаным жоқ. Өзіңізге белгілі, күнбе-күн эфирге шығып отырғаннан кейін бос уақыт бола бермейді. Әйтеуір, күнделікті қарбалас!.. Оның үстіне, отбасыма көңіл бөлуім керек, келіп-кететін қонақтар бар дегендей…
– Құпия болмаса, әлемдік деңгейде өтетін байқауда қазылар мүшелерін қандай қырыңызбен таңғалдырмақ ойыңыз бар?
– Ол жағы әзір белгісіз. Әйтеуір, шетел сахнасына ұлттық киім мен өнерімізді алып шығатыным анық.
– Бір сұхбатыңызда «Ата-енеммен бірге тұрамыз» депсіз. Күрделі сала – журналистикада жүргеніңіз аздай, ендігі дайындыққа да біраз уақыт арнайсыз. Олардың бұл бастамаңызға деген көзқарасы қандай?
– Өте жақсы. Осы ретте, ата-енемнің бізге беріп жатқан көмегі мол. Балаларымызды тәрбиелеуге көмектесіп, жұмыста болғанда жоқтығымды білдірмейді. Білесіз, журналистика – күрделі сала. Эфирге кешкі сағат тоғыз жарымда шығып, үйге сағат оннан аса бір-ақ ораласың. Қалыпты жұмыс режимі жоқ. Осының бәріне олар түсіністікпен қарайды. Енем – сырлас құрбым сияқты, екеуміздің әңгімеміз таусылған емес.
– Отбасыңыз жөнінде айтып жатырмыз ғой, толығырақ тоқталсаңыз…
– Жарым Нұрділдә 7 жылға жуық ұлттық арнада тележүргізуші-журналист болып қызмет етті. Бүгінде Астана қалалық Ішкі істер басқармасы Тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы. Жалпы, екеуміз осыдан 8 жыл бұрын танысқанбыз. Отбасын құрғанымызға 6 жылдан асты. Бес жарым жастағы Нұрасыл есімді ұлымыз бен екіден енді асқан Ділназым атты қызымыз бар.
– Нұрділдәмен қалай танысып едіңіз?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде оқып жүрген едім. «Қыз сынынан» бас жүлдені иеленген мені университет басшылығы «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» байқауына қатысуға көндіргені бар. Көп ұзамай сайыстағы Қозының орнына «Жігіт сұлтаны» болған, бір курс жоғары оқитын Нұрділдә есімді жігіттің бекітілгенін білдім. «Журналистика факультетінің намысын ешкімге жібермейміз» деп, екеуміз жарысқа белсене қатыстық. Байқаудың шарты бойынша екі жас бір-біріне деген сезімін өлең жолдары арқылы білдіруі керек-ті. Сөйтіп, Нұрділдә екеуміз «Махаббат монологын» сәтті орындап шықтық. Содан не керек, екі жыл қол ұстасып жүріп, шаңырақ көтердік.
– Естуімше, кезінде дзюдомен айналысыпсыз. Біз білмейтін тағы қандай қырыңыз бар?..
– Мен қандай үйірмеге бармады деп сұрасаңызшы (күліп)?! Бала кезімде дзюдо, бейнелеу өнері, би үйірмелерімен қоса, жүзуге де қатысқанмын. Кейін қаладағы Қазанғап атындағы өнер мектебінде домбыра класы бойынша 5 жылға жуық уақыт көлемінде музыкалық сауатымды аштым. Оркестрде қосымша қобызда да ойнағанмын. Кезінде «Әнші балапан» байқауында да бағымызды сынап көргенбіз.
– Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?
– Қолымыз қалт етсе жолдасым екеуміз бар уақытымызды балаларымызға арнаймыз. Саябаққа барып серуендеп, ұл-қызымызды ойын аттракциондарына апарамыз. Сондай-ақ достарымызбен жиналып киноға барғанды, табиғат аясына шығып демалғанды ұнатамыз.
– Сіздің сұлулығыңыздың сыры неде?
– Ойбү-у-уй, осы сұрақ үнемі алдымнан шығады (күліп). Жеке ойымша, менің сұлулығым – жастығымда. Мүмкін, мінезімде болар… Нәзіктігім де бар шығар… Бірақ сұлулық түр-әлпетте емес, жүректе! Нағыз әдемілік адамның ішкі жан-дүниесінде болуы тиіс!
Айта кеткенім жөн, менің болмыс-бітімім әжеме тартқан. Ол кісі кезінде өте сұлу болыпты, қазір де солай… Жасы сексеннен асса да, әлі күнге «фигурасы» да сол күйінде сақталған. Кезінде аққұбаша, көрікті келіншек болған деседі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИ
Leave a Reply