Асхат ШАХАРОВ, Самбодан Әлемнің үш дүркін чемпионы: Карьерамды жеңіспен аяқтадым

– Асхат, алғашқы жеңісің есіңде ме?
– 2000 жылы Украинада самбодан ересектер арасында өткен халықаралық жарыста тұңғыш рет жеңіске жеттім. Ал дзюдо күресінен Жапонияның Осака қаласында өткізілген Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болып, Сидней Олимпиадасына тікелей жолдама алдым. Сол себепті, осы екі жеңісімнің мен үшін орны ерекше.
– Самбодан әлемнің үш дүркін чемпионысың, спорттағы жетістіктеріңнің кілті неде?

– Біріншіден, аянбай жаттығудың жемісі ғой. Мәселен, 12 жыл бойы спортпен үздіксіз айналысқаннан соң ғана үлкен жеңіске жеттім. Спортта оңайлықпен жеңіс келмейді. Екіншіден, спортшыға демеу көрсетіп, оны жаттықтыратын бапкердің, өзге де мамандардың еңбегі орасан. Осы ретте, 1997 жылдан бері бапкерім болған Асылбек Құлмағанбетовтің еңбегін ерекше атап өтсем деймін. Кез келген спортшы бапкерімен өзара түсінісіп, ортақ мақсатты көздесе ғана, жеңіс тұғырынан көріне алады. Сондықтан менің жеңіске жетуімнің бір сыры – тәжірибелі жаттықтырушының кездескендігі. Әрине, сосын тынымсыз жаттығудың нәтижесі.
– Спорттық карьераңдағы жеңістерге кеңінен тоқталсақ…

 

– Самбо түрі бойынша жастар арасында екі, ал ересектер арасында үш рет әлем чемпионы болдым, екі мәрте Азия чемпионы атандым, сондай-ақ бір рет әлем кубогын иеленгенім бар. Ал дзюдо күресінен Азия чемпионатынан күміс жүлдеге және әлем чемпионатынан қола медальға ие болдым.
– Солардың арасынан сен үшін ең қымбаты?..
– Әрине, өзіме 2005 жылы Астанада өткен әлем чемпионаты ерекше ыстық. Өйткені, ол елімізде өтіп, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Аталмыш сайыста армян жігіті Ашот Даниелянмен бозкілемде белдесіп, қол жеткіздім. Сондай-ақ, айта кетерлігі, бұл менің үлкен спорттағы соңғы рет өнер көрсетуім еді. Сондықтан, қай жағынан алып қарасам да, аталмыш жарыс ешқашан ұмытылмайды.
– Әлемнің қанша мемлекетінде болдың?
– Расын айтсам, тек Африка елдерінде ғана болмаған шығармын. Қалған мемлекеттердің барлығына да спорттық сайыстармен барып, аралап көрдім.
– Спортшылардың көбісі үлкен спорттан кеткеннен кейін бапкерлікпен шұғылданады…
– Иә, 2000-2009 жылдар аралығында Ақтөбедегі университеттің бірінде студенттерге сабақ бердім. Дәріс алған шәкірттердің бірқатары жастар арасында өткен әлем чемпионатына да қатысып үлгерді. Бүгінде осы самбо күресі бо-йынша өнер көрсетіп жүр. Одан бөлек дәл қазір Ақтөбе облысы бойынша «Олимпиада резервін даярлау орталығын» басқарамын. Біздің мекеменің басты мақсаты – ақтөбелік спортшыларды жоғары деңгейде дайындап, оларды халықаралық маңызы бар сайыстарға қатыстыру. Бүгінде спорттың он түрінен 58 сайыпқыранымыз жаттығып жүр. Жастар арасында алдағы Олимпиадаға үкілеп отырған бірнеше спортшымыз бар. Солардың арасынан – жүзуден Руслан Байманов, грек-рим күресінен Асхат Құдайбергенов, үстел теннисінен Диас Бабасовтарды атап өтсем деймін. Бұлардың барлығы 2012 жылы өтетін Олимпиадаға үміткерлер қатарында.
– Қазіргі отандық спорттың ахуалы қандай деңгейде?
– Мемлекет тарапынан спортшыларға назар аударылып, оларға әрдайым көмек көрсетілуде. Қазіргі деңгейді осыдан он жыл бұрынғымен салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Самбо күресі бойынша да жас спортшыларымыз өсіп келеді. Мәселен, соңғы өткен әлем чемпионатында екі бірдей ақтөбелік самбошы жүлделі орындарды иеленді. Ақтөбе облысының әкімдігі тарапынан спорт саласына қолдау көрсетіліп, барынша жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда Ақтөбеде 25-ке жуық спорт мектебі бар. Өткен жылы елімізде теңдесі жоқ үлкен теннис орталығы пайдалануға берілді. Сондай-ақ биыл да спортқа қатысты екі ғимаратты тапсыруды жоспарлап отырмыз.
– Сұхбат соңында, отбасың жөнінде айтып өтсең. Кішкентай самбошы өсіп жатыр ма?..
– (Күлді). 2007 жылы Әлия екеуміз отбасын құрдық. Бір жастан енді асқан Әлимансұр есімді ұлымыз бар. Болашақта спортшы болады деп айта алмаймын. Өйткені, алдағыны тек Алла біледі. Бастысы – еліміздің саналы азаматы болып, аман-есен жүрсе екен. Ата-ананың тілейтіні қашан да сол.
– Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: