Бір күні достарыммен бірге дәмханаға барғанмын. Сол кезде достарымның бірі: – Даяшылардың бірін зыр жүгіртіп қойсақ қайтеді? – деп бізге қарап қулана жымиып қойды. – Қалай?! – дедік жарыса, таңданысымызды жасыра алмай. – Ол оп-оңай! – деп маңғазданып қойды. – Қазір көресіңдер… Осылай деген ол: – «Официант!» – деп бар дауысымен айғайлады. Лезде жанымыздан табылған жасы шамамен 20-ға келген жас қыз: – Құлағым сізде, айта беріңіз… Не әкелейін?.. – деді бізге сұраулы жүзбен қарап. – Бізге бір шәйнек шай әкеліңіз… – Жақсы, қазір 10 минутта дайын болады. – Ау, шай бар емес пе?! Тағы неге алдыртып отырсың?! – дедік түкке түсінбей. – Ничего, қазір көресіңдер… Байғұс даяшы қыз шайды әкеліп еді, әлгі досымыз: – Мынау шай тым ыстық қой, сәл суығанын әкеліңіз, – деп қайтарып жіберді. Содан соң, «клиент всегда прав» деп ыржиып қояды. Даяшылардың «клиенттердің» «мазағына» қалай шыдап жүретініне таңғалғанмын сонда. «Даяшылықтың қызығы мен шыжығы неде? «Официанттық» жұмыстың өзіне тән ауыртпалығы қандай? Олар күніне қанша табады?» деген сынды сауалдарға жауап іздеп қана қоймай, бір күн даяшы болуға бел будым.
Біраз жерді шарлаған соң, Ақтөбе қаласының орталығындағы екі қабатты зәулім ғимараттың ішіне кірдік. Бұл – «Элегант» мейрамханасы. Мейрамхана емес, хан сарайы дерсің! Табалдырығынан аттай бере алдымыздан күлімсіреген келіншек қарсы алды. «Здравствуйте, молодой человек! Хотели на вечер заказать столик?» деді жымиып. «Нет» деп бастай бергенімде, сөзімді бөліп үлгеріп, «вы сделали правильный выбор! Знаете, наш комплекс самый элитный в городе» дегенінде басымды шайқағаным сол еді, басқа шаруаммен келгенімді түсіне қойып, шат-шадыман болған администраторымыз «слушаю вас» деп өзгеріп сала берді. Мән-жайды түсіндіргенімде, «Бизде свободный орын жоқ, еще анау-мынау адамдарды алмаймыз. У нас строгий кастинг. Опыт работы и способность обязательно-о-о» деп және қосты. Қысқасы, есіктің аузынан әрі асқаным жоқ. Мұнда да жолым болмады. «Нам конкурентов еще не хватало!» Бұдан кейін бас сұққан «Айсұлу» атты дәмхананың да талабы жоғары екен. Екі тілде қатар «сайрауың» шарт, жұмыс өтілін, және… осы қызметке ерекше икемін, болып, бәрі біте-қайнасып тұруы қажет. Оның үстіне, жыл басында бос орынның болмайтынын, көктемге қарай хабарласуымды ескертті. Айтып-айтпай не керек, бірнеше мейрамхананың табалдырығын тоздырып, жұмыссыз жастың кейпін танытсам та, құшақ жая қарсы алған ешкім болмады. Содан қаланың ескі бөлігіндегі «Анар» атауын иеленген дәмханаға да ат басын бұрып, «бағымды» сынап көруді жөн деп таптым. Дәмхана иесі өздеріне даяшы ретінде жұмысқа алатынын, бірақ маған бірнеше талап-тілек қоятынын жеткізді. Қуанғаным сол, барлық шартты орындайтынымды айтып, тек жұмысқа алуын сұрай жөнелдім. Өзін «тетя Соня» деп таныстырған «шефім» былай деді: – 3 күн ақысыз қызмет етіп, өзіңді жақсы жағынан көрсетсең, жұмысқа қабылдаймыз. Аптасына үш күн «сменаңа» шығып, кейін сонша күн демаласың, ал әр дүйсенбі – ұжым болып жұмысқа келмейміз, тәртіп сондай. Тәулігіне 1300 теңге аласың, одан көп табамын деп ойлама, ал «чаевыены» армандамай-ақ та қой. Сосын жұмыс кезінде анау-мынау әрекетінді көрмейтін болайын… «Анау-мынау» дегенін түсінбесем де, басымды изеп, администратордың соңынан ілестім. Екеуміз ала көлеңке бөлмеге кіре сала, ішінде отырған жастарға менің жаңадан келген даяшы екенімді хабарлап, «жұмысың – осы» дегендей көзін аударып-төңкерді де, лезде шығып кетті. Қарасам, өзімнен кіші болмаса, үлкен емес, жастары шамамен 20-дан аспаған 6-7 қыз-жігіт. Анығы, 5 бойжеткен мен «арпа ішінде бір бидайдай» – жалғыз бозбала. Жүздерінен жылылықтың жұрнағы да сезілмеген «әріптестерімнің» онша қуанышты еместігін аңғару қиынға соқпады. Арасындағы орта бойлы бір қыздың: – Нам конкурентов еще не хватало! – деп айтып салмасы бар ма?! Алайда түк түсінбегендей кейіп танытып «бір бидайдың» жанына отыра қалдым. Кенет ту сыртымыздан «через 15 минут начинаем» деген дауыстың естілгені сол-ақ екен, барлығы орындарынан тұрып, киімдерін асығыс-үсігіс ауыстыруға көшті. Бесеуі келесі бөлмеге қарай беттесе, екеуміз «жылы орнымызды» суытпадық. «Бір оқпен екі қоянды атайын» деген оймен әрі қызметтік киімімді киіп, әрі «әріптесімді» әңгімеге тарта бастадым. Өзінің айтуы бойынша, жасы жиырмаға енді келген, есімі – Сабыржан, қаладағы жоғары оқу орындардың бірінде 4-курста оқиды (суреттегі – А.С.). «Официант» атанғанына небәрі төрт айдың жүзі болыпты, бірақ біраз тәжірибесі бар. Бұған дейін де жұмыс істесе керек. Қызметіне байланысты ара-тұра оқуына бармай қалатынын мойындаған Сабыржанның пікірінше, даяшы болу үшін әуелі төзімділік, сосын ептілік керек. Ал қалғаны, өз сөзімен айтсақ – «пустяки»… «Обслужите меня, официант!» Арада 15 минут өткен соң, жетеуміз жабылып «серверевкаға» кірістік. Аз уақытта сыр шертісіп, сөзге сараңдық танытпаған Сабыржан «серверевка», яғни ыдыс-аяқтарды рет-ретімен қоя білу – үлкен өнер, бұны меңгерген даяшы еш уақытта жұмыссыз қалмайды деп ағынан жарылды. Рас, алғашқы күнім болғандықтан, асханадан той өтетін жерге ұсақ-түйек заттарды тасығанымды айтпағанда, басқа «өнердің» қыр-сырына үңілгенім жоқ. Әйтсе де, дәмхананың «бас «официанты» – әрдайым администратордың жанынан табылатын Айман бұл міндетті бірнеше күнде үйренуге тиіс екенімді қадап айтты. Сосын бүгінгі көрсеткенді «қағып алмасам» жұмыстан көзді ашып-жұмғанша қағылатынымды жеткізді. Хош, қысқасы, бір жарым сағаттың ішінде ыдыс-аяқтарды қаз-қатар тізіп, шамамен 45-50 минутта жеміс-жидектерді, жалпы тағамдарды дастарханға қойып шықтық. Әне-міне дегенше той иелері дайындығымызды тексеріп, оң бағасын бергеннен кейін қонақтар да жинала бастады. Көп күттірген екі жас та көрініп, ортаға жайғасты… Ұзын саны 150 адамға 7 даяшы қызмет көрсетіп, әр үстелдің басына бір даяшы бекітілді. Қарбалас!.. Тойға келген кемпір-шалды айтпағанның өзінде, бір-бір үйдің еркетотайлары да «жұмсап» әлек. Өзінен аса алшақ қойылмаған нанға да «әпициәнт», екі кусогын беріп жіберші» деп даяшылардың қызметіне жүгінетінін қайтерсің… Өткендегі дәмханадағы досымның сондағы әрекеті есіме түсіп, құлазып сала бердім. Амал нешік, жұмыстың аты – жұмыс. Немесе Айман «бастықтың», әлгі досымның сөзімен келтірсек, «клиент всегда прав!» Бәрі билеуге кетіп, енді бел жазып отырамын ба дегенде, буыны қатпаған баланың «обслужите меня, офи-циант» демесі бар ма?! Сондағысы – ыдысына шырын құйылмапты… Иә, бір білгенім, даяшыны «билеп-төстегісі» келетіндердің қатары көп екен. Осындайда Сабыржанның «қанатты сөзі» де ойыма оралды: «Басқаларда біреу болса, «официантта» – мың бастық!» Келіспеске лажың жоқ, біліп айтқан-ау… «Подкат» жасайтындар да жеткілікті Меймандар бір билеп болғаннан кейін, біздің, даяшылардың да «дәурені» келіп, аз-кем демалатын уақыт туды. Осы орайда, тойдағылар іздеп қалар деп екі адамды қалдырып, бесеуміз администратордың бөлмесіне қарай тайып тұрдық. Байқасақ, Сұлушаш апамыздың («тетя Соня» – А.С.) жағдайы жаман емес: дастарханда жанына керектің бәрі бар: қазы-қарта мен қара уылдырықтан бастап әшейінде таптырмайтын ауылдың құртына дейін самсап тұр. Таңданысымды жасыра алмай, сөзге тартқым келіп: – Күнде осылай ауқаттансақ, жұмысымыз жаман емес екен ғой… – деп қойдым қулана күлімсіреп. – Ау, әрине, сендер (даяшыларды айтады – А.С.) 1300-ге, мен 3 мыңға бола күн ұзағына жүреді дейсің бе?! Басқа да кіріс көзі, пайда болғаннан кейін қызмет етеміз де… Әйтпесе, қайдағы жоқ адамдармен алысу оңай емес қой… – Мәссаған, тағы қандай пайда бар? Апасы, айтсаңызшы!.. – дедім мен де көзімді ашып-жұмып. – Апа деме, жай ғана тетя Соня, – деді көзін бақырайтып. Іле-шала дастарханға қарап: – Мен, мысалы, мына мейрамханада жұмыс істегелі үш жылдан асты, содан бері үйге тамақ алып көрген емеспін. Шүкір, жұмысымнан жалақымды әрі ішіп-жейтінімді алып отырамын. Көңілім де тоқ, қарным да тоқ! Даяшылар да солай. «Сменадан» соң екі сөмке «продуктыны» әрең дегенде көтеріп алып кетеді. Жаман ба?! Сонымен бірге анда-санда қолға тиетін «шабашкамыз» және бар. Мереке күндері тұрақты «клиенттеріміз» сый-сыяпат та жасап тұрады, – деді жымиып. – Рас па? – дедім сенімсіздікпен қос жанарымды қадап. – Біз сияқты қарапайым даяшылар табысынан бөлек сынық ине де ала алмас… – Сен сол сөзіңді бір-екі ауысымнан кейін айтшы, көрейін сонда… Мәселен, жұмыстағы «оң қолым», қасымда отырған Айманға қарашы, қарашы деймін дұрыстап, – деді көзімен жанындағы қызды нұсқап. – Бұл қыздың жасы бар-жоғы 20-да болса да, үлкен іс тындырып жүр. Әкесі жоқ, анасы жұмыссыз, кішкентай бауырлары бар. Солардың барлығын бір өзі асырап отыр ғой, сенесің бе?! Ол ол ма, университетте білім алып, оқуының 300 мың теңгесін де осы жұмысының арқасында төлейді. Оған қоса қыз бала болғаннан кейін баратын жері мен киетін киімін қос. Ниче, ешкімнен де кем емес. Қайта көптеген қатарластарынан артық. Әр жұмыстың ауыртпалығы болады, бірақ даяшылықтың өзіне тән ерекшеліктері бар. Сондықтан кәсібіміздің жалақысы мардымсыз деме, – деді сұқ саусағын шошайтып. Жалғыз мен емес, басқа отырғандар да таңғалғанын жасыра алмай, демін ішіне тартып, «бас даяшыға» сұраулы көздерін аударып сала берді. – Иә, апашкамның айтқаны шындық. Алайда, «официантка» болудың қиыншылығы да жетіп артылады. Мұны оңай деп ойламаңыздар. Алғаш келгенімде шыдай алмай, жұмыстан шығып кетпек ойым болған. Түрлі адамдармен жұмыс істейсің, жақсы-жайсаңы да, жаман-жауыздары да бар. Әсіресе, біз секілді қыздарға қиын. Ащы судан ұрттап алғандар аузына келгенін айтады, тіпті жасы әкемнен де үлкен кейбір кісілер қырындап, саған ашық түрде жезөкшелікпен айналысуға ұсыныс білдіреді. Оны аз десеңіз, қыр соңынан қалмай, қоймастан «подкат» жасайтындары да көптеп кездеседі. Жеті түнде үйіне дейін жеткенше де қорыққаннан жеті рет «өліп-тірілесің»… Тегін арақ ішемін деп, бөріктілердің ойран салатыны да бар. Ұзын сөздің қысқасы, бұл жұмыстың жақсылығынан гөрі, жаманшылығы көп, – деп Айман аузын жинап үлгергенше бөлмеге Сабыржан жүгіріп кіріп келіп, қонақтардың бірі төбелес шығарып жатқанын баяндады. Даяшылар ешқашан ренжімейді… Шынымен де жігіт ағасы келіншегімен бірге Гуля есімді даяшы қызды «шарапқа су қосып қойдың» деп айыптап, той ортасында қыспаққа алып жатыр екен. Енді болмағанда кикілжіңнің соңы қырғын төбелеске ұласуы да мүмкін-ді. Әйткенмен, «тетя Соня» бұған жеткізбеді, меймандардан кешірім сұрап, кінәлі болмаса да қызметшіні бөлмесіне баруды бұйырды. «Болары болып, бояуы сіңгенде» арамыздан «охранник» те табылып, тойшы қауымды сабырға шақырғандай болды… Өз кезегінде Сабыржан «бүгін бағымыз бар екен, бұл қайта жақсы аяқталды. Әдетте, «администратор» мен күзетшіміз ұшты-күйлі жоғалып кетеді» деп қуанып жүр. Біз үшін қуанышынан бұрын қорқынышы басым болған бұл той қас қарайғанда бітті. Аумақты ретке келтіріп, ыдыс-аяқты жинағанша сағат тілі түнгі 3-ті көрсетіп тұр. Кезегімізді тапсырып, киімімізді ауыстырамыз дегенше және жарты сағат өтті. Менен басқа тағы бір «стажерді» есептемегенде, 5 даяшы ақшасын алып, дәмхана басшылығы ұсынған қағазға қолдарын қоюда. Сұлушаш апамыз да риза, барлығымен «ертеңге дейін» деп қоштасқан соң, сыртқа қарай асықпай аяңдап еді, бір затын ұмытқандай қайта оралып, менің әлі екі күн бойы сынақтан өтетінімді есіме салды. Дегенмен, даяшылыққа дайын еместігімді айтып, келесі күні жұмысқа шықпайтындығымнан хабардар еттім. Ол да «жарайды» дегендей басын изеді… Айтпақшы, бұл күн жалғыз шарапқа қатысты оқиғамен ғана есте қалған жоқ. Администратор «сендердің кезектеріңде 5 мың теңгенің ыдысы сынып, хрустальдан жасалған үш стақан жоғалды» деп, «әріптестерімнің» бір күндік табысынан 300 теңгені жырып қалыпты. Бірақ дәмхананың даяшылары бұған бола ренжімек емес, олардың айтуынша, бұл аптасына кем дегенде бір рет қайталанатын құбылыс… Сұрастырып білгеніміздей, даяшылардың нөпірі түскі уақыттан қызметке кірісіп, түн батқанға дейін жұмыс істейді. Одан бөлек жұмысқа келе сала барлық орындық-үстелді ретке келтіріп, ыдыс-аяқтарды көз тартатындай етіп қойып шығады. Меймандар үй-үйлеріне тарағаннан кейін аяқ-табақты ұқыптылықпен орнына қойып, келесі кезекке тапсыру да алғышарттардың бірі. Ал жалақысына келер болсақ, статистика мамандарының есебінше, еліміздің даяшылары орта есеппен күніне кем дегенде 500 теңге табатын көрінеді. Бұл – даяшылық жұмыстың біз білген деректері. P.S. Даяшы Сабыржан айтады: «Жұмыс қиын болғанымен, өзіме ұнайды. Бастысы, күнбе-күн жалақымды алып, керегіме жұмсаймын. Шыны керек, әрі осы қызметіміздің арқасында біз, студенттер қауымы сессиядан да қиналмай шығамыз ғой… Ауылдағы ата-анама да салмақ түсірмеймін». Несі бар, «әркімдікі өзіне жақсы»… Даяшылық та жаман жұмыс емес… Айбек СЕРІКҰЛЫ. «Нұр Астана».
Тұрақты жұмыс тауып ал! Сосын продукты алмайсын… кенк-кенк