АҚИЫҚ АҚЫН АТАУСЫЗ ҚАЛА МА?..

 

БиылҚазақстанның халық ақыны, айтыскер әрі жыршы Нұрпейіс Байғаниннің туғанына 150 жыл толды. Халық арасында жұртшылықты шырқау шығармашылығымен һәм шырайлы шабытымен әрдайым таңғалдырып отырған өнер иесі кейінгіге мол мұра қалдырған. Бүгінгі таңда оның 15-тен астам поэмасы, бірнеше айтысы мен көптеген өлеңдері, сондай-ақ толғаулары да бізге жетіп отыр.

Ұлы шайырдың 150 жылдық мерейтойы – исі қазақ жұртының торқалы тойы қарсаңында ақпа ақынның өмірі мен өнеріне, жалпы шығармашылығына қысқаша тоқталуды жөн көріп, ұлы Момын мен оның есімімен етене таныс бірнеше адамдармен кездес-кен едік. «Сегіз қырлы, бір сырлы» Нұрпейіс Байғанинге байланысты өрбіген әңгімеміз – мерейтойдың қандай деңгейде өткізілетініне, оның шығармашылығының зерттелуі мен әлі күнге дейін шешімін таппаған өзекті мәселелерге арналды.

Нұрпейіс Байғанин 1860 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Сүлікті деген жерде дүниеге келген. Әкесі Байғана – шаруа адамы, ал анасы Үміт әнші әрі күйші болған деседі. Нағашы жұртына тартқан Нұрпейіс бала кезінен қолына домбырасын ұстап, көнекөз қариялардан естіген күйлерді аз уақытта меңгеріп алатын болған. Осылайша, 15-16 жасында-ақ «күйші бала» атанып, сол кездің өзінде той-томалақтарды ән-жырымен бастап отырған. Сондай-ақ Шернияз, Махамбет, Қашаған сынды ақын-жыраулардың толғауларын жатқа айтып, олардың шығармашылығын жұртшылыққа кеңінен дәріптеген. Алыс-жақын жерде тұратын ақындармен қоян-қолтық араласып, көптеген батырлар жырын қағазға түсірген санаулы адамдардың бірі – Нұрпейіс. Мәселен, «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Қырымның қырық батыры» сияқты 50-ден астам эпосты жырлап, олардың елеусіз қалмауына зор еңбек сіңірген. Өз кезегінде қолына түскен кейбір батырлар жырының нұсқасын жекелей әзірлеп, кейіннен оларды шаршы топтың алдында орындағанына да тоқталғанымыз жөн. Оған мысал ретінде қазірде 26 нұсқасы белгілі «Қобыланды батыр» эпосын келтіруімізге болады. Өнер иесі олардың арасынан тілі аса бай, шым-шытырық оқиғаларға толы, 9300 жолдан тұратын көлемді нұсқасын жырлаған деген дерек бар.

Бұдан басқа Нұрпейіс тек батырлар жырын ғана зерттеумен шектелмей, өз шығармашылығында алғашқылардың бірі болып әйел бейнесін де шебер суреттеген. Оның «Нарқыз» бен «Ақкенже» атты поэмалары – қазақ әйелінің тыныс-тіршілігі һәм болмыс-бітімі жайында тереңнен толғайды. Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров пен 28 панфиловшылардың бірі Нарсұтбай Есболатовқа, жалпы Екінші дүниежүзілік соғысқа арнаған «Жиырма бес», «Ер туралы жыр» секілді отты поэмаларынан жауынгерлерге айрықша күш-қайрат тілеп, осылайша Жеңіс күнін жақындатқанын аңғаруға болады.

Айта кетерлігі, Нұрпейіс Байғанин жастайынан айтыстарға да қатысып, қарсыластарынан үнемі оқ бойы озып отырған. Оның Қоспақ, Қазақбай, Нұрым сынды белгілі ақындармен жүргізген айтыстары сақтаулы. Алайда, ешқайсысының да толық нұсқасы жоқ. 1934 жылы Жазушылар одағы ақын-жыраулардың ішінен тұңғыш рет жыр алыбына әдеби хатшы тағайындап, сол арқылы оның шығармалары баспа бетін көреді. Алғашында әдеби хатшы қызметіне Ахмет Ескендіров, кейіннен халық ақыны Қуандық Шаңғытбаев бекітіледі. Сол кезден бастап, нақтылай айтсақ, 1939 жылдан бері ақынның жыр жинақтары оқырманның қолына тиеді.

Жалпы, Нұрпейістің көзі тірісінде-ақ «сұңғыла ақын» атануы тегіннен-тегін емес. Өйткені, ол жоғарыда айтқанымыздай суырыпсалма ақындық өнерімен қатар, айтыстарға қатысып, сондай-ақ көптеген дастандарды да жазып қалдырған сан қырлы талант. Ақтөбенің тумасы өзіне ұстаз тұтқан Жамбыл Жабаев, ақ тарының атасы атанған Шығанақ Берсиевтермен де жиі кездесіп, өзара пікір алысып тұрған деседі. Оның халқына жасаған жақсылығы ескеріліп, 1939 жылы «Қазақ ССР-нің өнеріне еңбегі сіңген қайраткер» атағы беріліп, ал бір жылдан соң «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.

Ұлы шайырдың жеке өміріне келер болсақ, екі рет үйленіп, төрт баланың әкесі атанған: екі ұлы – Ғалым мен Момын, қыздары –Зылиха мен Зылия. Ақынның екінші әйелінен туған, бүгінде 73 жастағы ұлы Момын – «ҚР Мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер», республикаға белгілі күйші, музыкант. Бес бала тәрбиелеп, бүгінде 7 немере мен 4 шөберенің атасы атанған Момын Нұрпейісұлы құрметті демалыста. Әкесінен сегіз жасында айырылған ол былай деп еске алады: «Әлі есімде, әкем үнемі домбырасын шертіп, үйге келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алатын. Қай кезде болсын, адамдарға қамқорлық көрсетуге тырысушы еді. Қолыма домбыра ұстатып, алғаш күйдің қағысын үйреткен сол кісі болатын. Ал алты жасқа толғанымда: «Ұлым өскенде белгілі күйші болып, менің ізімді жалғастырады» дегені жадымда. Сосын түр-тұлғасы келіскен, сымбатты да сыпайы адам болғанын айта кетсем деймін. Жан-жағына ерекше ұқыптылықпен қарап, киім-кешегінің әркез мұнтаздай таза болуын қадағалайтын».

Бұл пікірді Нұрпейістің көзін көрген қазақ ақыны Әбділда Тәжібаев та естелік-кітабында сабақтайды: «Бірінші аңғарғаным: Нұрекең барынша қалша, сыпайы адам. Бір отырысынан кешке дейін айнымай, аумай отыруға бар. Екінші аңғарғаным: таза киінеді, тұла бойында олпы-солпы ештеңе жоқ. Кеудесін жапқан күмістей сақалы да тап-таза. Ас жегені, шай ішкені де осы ұстамдылығына жарасымды сияқты. Ащы айқайлап сөйлемейді, кеңкілдеп күлмейді…» («Жылдар, ойлар», 1976 жыл, Алматы).

Оған қоса, тоқтала кетерлік жайт, Нұрпейіс бабаның келіні Манар Байғанинаның (Момынның зайыбы) айтуынша, ақынның артынан бірнеше көлемді күйлері қалған. Соның ішінен «Қарасай» туындысын ұлы Момын алғашқы боп нотаға түсіріп, бүгінде өзі орындап жүр. Біртуар адамның тағы бір халыққа белгісіз қыры – тоғызқұмалақ ойынын қазаққа таныстыруында. Ақын-жыршы өзге елде болған кезекті бір сапарында аталмыш ойынды меңгеріп, көп ұзамай бұны ауыл-аймақтағы жұртына да үйретеді. Аталған ойын халықтың қызығушылығын туғызып, аз уақытта «ұлттық ойынға» айналған екен. Кезінде бұл жаңалықты Ғабит Мүсірепов, Қуандық Шаңғытбаевтар өз естеліктерінде айрықша қадап айтқан. Алайда, атаның келіні, соңғы кездері, бұл жайттың ескерусіз қалғанына налиды…

Өз заманының дара тұлғасы шығармашылы-ғының зерттелу ісінде Оразгүл Нұрмағамбетова, Ізтай Мәмбетовтердің еңбегі орасан. Ал кейінгі нұрпейістанушылар ретінде Жұбаназар Асанов пен Беркін Құрманбеков және ақынның немересі Ерболат Момынұлын атауымызға болады. Соңғы жинақтардың ішінен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы Ғ.Нұрышевтың ұйытқы болуымен Ж.Асанов құрастырған «Арыс» баспасынан 2006 жылы басылып шыққан «Нұрпейіс Байғанин. Естеліктер. Таңдамалы шығармаларды», өткен жылы жарық көрген тарих ғылымының кандидаты Б.Құрманбековтің «Нұрлы жүзді Нұрпейісін» және 2008 жылы шайырдың немересі Е.Байғанин басшылық ететін «Қазақстанның халық ақыны Нұрпейіс Байғанин атындағы мәдени қордың» қаржысына ақынның қатарынан үш дастанын қамтыған түрлі-түсті әрі екі тілде басылып шыққан «Нарқызын» зерттеу ісіндегі сүбелі еңбектер десек қателеспеспіз. Алайда, барлығының да таралымы көңіл көншітпейді. Соның салдарынан әлі де болса, аталған жинақтар қалың оқырман қауымға белгісіз. Оның үстіне соңғы бес-алты жылда жоғарыда аталғандардан бөлек Нұрпейіс Байғаниннің өмірі туралы сыр шертетін бірде-бір кітап (!) шығарылған жоқ. Нәтижесінде, суырыпсалма ақынның есімі жылма-жыл асқақтаудың орнына, ұмытылып бара жатыр…

– Байқасаңыз, кезінде есімі Жамбылмен бірге, қатар аталған Нұрпейістің насихатталуы бүгінде өте нашар. Өскелең ұрпақ оның кім екенін де білмейді. Неге десеңіз, Нұрпейіс Байғаниннің шығармашылығы мектеп бағдарламасынан мүлдем алынып тасталған. Мектеп оқушыларын айтпағанның өзінде, орта және жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер де көбіне-көп ақын туралы бейхабар болып жатады. Бұл ұлы шайырға деген қиянат емес пе?! Шынтуайтына келсек, оның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ақындық пен күйшілік өнерін былай қойып, тек жыршылық жолындағы еңбегін зерделейтін болсақ, бізге аманат етіп жеткізген эпостары 50-ден асады. Осы мәселеге орай бірнеше рет қозғау салып, Білім және ғылым министрлігіне сауал жолдадық. Әйтсе де, ол жақтан бірде-бір лям-мимді байқамадық, – дейді филология ғылымының докторы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, нұрпейістанушы Жұбаназар Асанов.

Сонымен қатар нұрпейістанушы ақынның ертеде Қазақбаймен болған айтысының түпнұсқасы бар екенін айтады. Оның пайымынша, ақындар айтысының үздік үлгілерінің бірі – осы. Және де жыр алыбына байланысты дуалы ауыздардың, белгілі адамдардың ой-пікірлері де сақталған көрінеді. Бұл – құнды дүние. Десек те, бүгінде оның барлығын топтастырып, бір жинақ етіп шығару үшін қаражат қолбайлау болып отыр. Сондай-ақ мерейтой иесінің немересі Ерболат Момынұлы да ақынның 9300 жолды құрайтын «Қобыланды батыр» жырының нұсқасын баспаға әзірлеу үстінде. Бәрі ойдағыдай болып жатса, ойлы оқырман кітаппен алдағы жылы таныса алады.

Тағы бір мәселе – халық ақынының атына бірде-бір оқу орнының берілмеуі. Рас, Қазақ КСР ХКК 1945 жылғы 14 сәуірдегі №229 қаулысымен, Ақтөбе мұғалімдер институтына оның есімі берілген. Бірақ білім ордасы 1958 жылы жабылып, біраз уақыттан кейін қайтадан ашылғанда белгісіз себептермен бұл жайт ескерусіз қалған… Қазірде бұрынғы мұғалімдер институтының орнына – Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты жұмыс істеп тұр. Өз кезегінде Момын Нұрпейісұлы «Шіркін, әкемнің есімі мен халқына жасаған игілікті ісі ұмытылмай, туған жеріндегі оқу орны соның атын иемденсе ғой…», – дейді.

– Әкеміз ауыртпашылығы мол заманда – 1945 жылы қайтыс болғаны мәлім. Оның қабірі Ақтөбенің шетінде орналасқан зиратта жатыр. Айтайын дегенім, арада біраз жыл өткеннен кейін құрылыс материалдарының сапасыздығынан болар, оның бейіті құлап қалады. Бірақ сол кездегі атқарушы биліктің көмегімен қайтадан тұрғызылып, ретке келтірілген. Бұның дұрыс атқарылуын қадағалап, бәріне жүгірген жарықтық анам еді. Моласының қасына мүсін де салынып, марқұмға «ана дүниеде» тыныштық берілді деп ойлағанбыз. Өкінішке қарай, ойымыз жүзеге аспады, бір-екі жылдықта бұзақылар бейітті тағы да сындырып кетіпті… Содан бері қазақ ақынының қабірі қараусыз жатыр… Жасыратыны жоқ, әкемнің үсті ашық деп айтуыма болады. Тек топырақ бар… Менің бір тілегім – әкеме мазар салынып, «екінші үйі» дұрысталса екен… Әкімдікке де жолығып, өтінішімді білдірдім. Орындаймыз деп уәде берді…, – дейді ақынның ұлы Момын Байғанин.

Өз кезегінде айта кеткеніміз жөн, Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасының ашылғанына биыл тура 50 жыл болды. Қазірде оқырмандардың саны 11 мыңға жетіп, ал кітап қоры 92 мың дананы құрайтын көрінеді. Ақынның атын иемденген кітапхана директоры Раиса Қомпақова:

– Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында кітапхана ұжымы көптеген шараларды іске асырып жатыр. Мәселен, жыл басынан бері ақын атамызға арнайы көрме ұйымдастырылып, оған өмір мен өнеріне қатысты жарық көрген барлық кітаптар мен газет-журналдар қойылды. Бұдан өзге алдағы айда кітапханашыларға арналған әдістемелік кітапшаны да шығаруды жоспарлап отырмыз. Күзге салым талант иесінің шығармашылығын дәріптеу мақсатында жас ақындар арасында «Ақтөбе – жыр құшағында» атты облыстық байқауды өткізбекшіміз. Бұл шараға республикаға белгілі ақын-жыршылар, өнер адамдары қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ жыл аяғына дейін балаларға арналған танымдық басқосулар мен әдеби-танымдық кештер өтеді. Бұл – облыстық кітапхана қызметкерлерінің басты жоспарлары.

Ақтөбе облыстық Мәдениет басқармасының мәліметінше, Қазақстанның халық ақыны Н.Байғаниннің 150 жылдығына арналған іс-шаралар қыркүйек айында Байғанин мен Темір аудандарында және Ақтөбе қаласында бастау алады. Дерекке сүйенсек, жыл соңына дейін Н.Байғанин атындағы қалалық музей өз жұмысын бастайды; ақынның жыр-дастандары «Ақтөбе кітапханасы» атты кітап топтамасына енгізіледі; мерейтой иесінің туындылары жыршылардың орындауында жазып алынып, компакт-дискі шығарылады; «Заманымыздың заңғар жыршысы» атты облыстық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі; «Жырдың нұры – Нұрпейіс» атты республикалық ақындар айтысы болады; облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Екі ғасыр куәсі» деген атаумен экспозиция жасақталмақ. Бір қызығы, мерекелік шаралардың дені – күздің алғашқы айында ұйымдастырылмақ… Жоспарлар мен оған деген дайындықты басқарма бастығының өзінен білейін дегенбіз. Алайда, «шығып кеткенін, оның маңызды кездесулерде екенін» хатшы қыз айтудан жалықпады…

РЕДАКЦИЯДАН:

Ақпа ақын, дәулескер күйші, жыршы әрі айтыскер – Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығы – қазақтың торқалы тойы республикалық деңгейде өткізілуі керек-ті. Амал нешік, Ақтөбе облысында ғана өтуі дұрыс деп шешіліпті… Неге екені белгісіз…

Бір анығы, біз жоғарыда келтірген ҮШ МӘСЕЛЕ мен МЕРЕЙТОЙ ақынның құрметіне сай шешімін тапса болғаны…

Оқырман бүгінгі азын-аулақ зерттеу дүниемізді аяқсыз деп қабылдауы мүмкін. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені, «тойдың болғанынан болатыны қызық». Бастысы – Нұрпейіс Байғаниннің өмірі мен өнеріне қысқаша шолу жасап, бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймаған мәселелерге тоқталуды жөн көрдік. Ал қалғанына… республикалық емес, облыстық деңгейдегі іс-шаралардан кейін кезек береміз. Уәде!..

Айбек ТАСҚАЛИ.

«Нұр Астана» газеті.

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: